Белгілі Жәннат атаулары
1. «әл-Жәннәһ»
Аллаһ Тағала былай деді: «Кім Аллаһқа және Елшісіне бой ұсынса, астыларынан өзендер ағатын бақшаларға кіргізіледі де, олар онда мәңгі қалады. Зор табыс осы» (ән-Ниса, 4: 13)
2. «Жәннәтуль-Фирдаус»
Аллаһ Тағала былай деді: «Расында иман келтіріп, салиқалы (ізгі) іс істегендер үшін Фирдаус Жәннаты мекен болады» (әл-Кәһф 18: 107)
3. «Жәннәту ‘Адн»
Аллаһ Тағала былай айтты: «Бұл бір насихат. Күдіксіз тақуалар үшін тым көркем келешек бар. Олар үшін есіктері ашық Ғадын жаннаттары бар» (Сад 38: 49-50)
4. «Жәннәтуль-Хульд»
Аллаһ Тағала былай айтты: «Оларға: “Осы азап жақсы ма? Немесе тақуалар үшін сыйлық әрі барар орын түрінде уәде етілген мәңгілік жаннат жақсы ма?”,- деп айт». (әл-Фурқан 25: 15)
5. «Жәннәту-Нна’им»
Аллаһ Тағала былай деді: «Күдіксіз иман келтіріп, салиқалы (ізгі) іс істегендер, олар үшін нығметі түгемейтін бақшалар бар» (Луқман 31: 8)
6. «Жәннәтуль-Ма-уа»
Аллаһ Тағала былай деді: «Өйткені иман келтіріп, салиқалы (ізгі) іс істегендер; олардың істеген амалдарына жарай қонақ үй түрінде Жәннаттар да орын бар» (әс-Сәждә 32: 19)
7. «Дару-Ссаләм»
Аллаһ Тағала былай айтты: «Оларға Раббыларының қасында бейбіттік жұрты бар. Істегендері себепті Аллаһ олардың Қамқоршысы» (әл-Ан’ам 6: 127)
Жәннаттың орны
1. Аллаһ Тағала былай айтты: «Сендердің несібелерің, әрі уәде етілген нәрселер көкте».(аз-Зарият 51: 22)
2. Аллаһ Тағала былай деді: «Расында ол, оны (Жебрейілді) екінші рет көрді. Тұрақтау ағашының жанында. Оның қасында Мәуа жаннаты бар».(ән-Нәжм 53: 13-15)
3. Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқаны жеткізіледі: «Кім Аллаһқа және Оның елшісіне иман келтірсе, намаз оқыса, Рамазан айында ораза ұстаса, Аллаһ міндетті түрде оны, ол Аллаһ жолында хижрат жасағанына немесе өзі туылған жерде қалғанына қарамастан, Жәннатқа кіргізеді». Одан: «Иә, Аллаһтың елшісі, адамдарға осы жайында хабар берейік пе?»- деп сұрады. Ол: «Расында, Жәннатта Аллаһ Оның жолында күрескендерге дайындаған жүз дәреже бар. Және әр екі дәреженің қашықтығы, жер мен көктің қашықтығына тең. Және сендер Аллаһтан сұрағанда Одан әл-Фирдаусты сұраңдар. Расында, бұл Жәннаттың ортасы және ең биік дәрежесі. Ал оның үстінде Мейірімдінің Тағы (Аршысы) бар, және сол жерден Жәннат өзендері бастау алады»,- деп айтты. Әл-Бухари 7423
4. Сондай-ақ, Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хабарда, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтты: «Расында, иман келтіргенге өлім келгенде, оған мейірім періштелері келеді. Оның жанын (рухын) алғанда, оны жібектен жасалған матаға орап, онымен аспан қақпаларына барады. Сонда олар: “Біз бұдан жағымдырақ иісті кездестірмедік”,- деп айтады». Әл-Хаким 1304, ибн Хиббан 3013, иснад сенімділігін шейх әл-Арнаут растады.
Жәннат қақпаларының атаулары
Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте, бірде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Аллаһ жолына екі нәрсені жұмсаған адамды Жәннаттың бір қақпасынан: «Ей, Аллаһтың құлы! Бұл – жақсылық», – деп шақырады. Намаз оқығанды «намаз» қақпасынан, Аллаһ жолында соғысқанды «жиһад» қақпасынан, ораза ұстағандарды «әр-Раййан» қақпасынан, ал садақа бергендерді «садақа» қақпасынан шақырады», – деп айтқан уақытта Әбу Бәкр (оған Аллаһ разы болсын): «Менің ата-анам сен үшін өтеу болсын! Бұл қақпалардан шақырылғандарға еш нәрсе керек болмайды. Алайда, осы қақпалардың барлығынан бірдей шақырылатындар болады ма?», – деп сұрады. (Сонда) Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә, болады. Және мен сені солардың бірі болады деп үміт етемін», – деп жауап берді. Әл-Бухари 1897, Муслим 1027
Жәннат қақпаларының ені
1. ‘Утба ибн Ғазуан (оған Аллаһ разы болсын) былай айтты: «Бізге Жәннат қақпаларының ені қырық жыл жол жүру қашықтығына тең деп айтылды. Және ол толатын күн келеді». Муслим 2967
2. Әбу Һурайра (оған Аллаһ разы болсын) айтатын: “Бірде Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сыйлық ретінде ет алып келді... Ал кейін пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұхаммедтің жаны Қолында болғанмен ант етемін, расында, Жәннат қақпаларының әр екі жармалары арасының қашықтығы, Мекке мен Хижәза немесе Мекке мен Бусра арасындағы қашықтыққа тең!» - деп айтты”.Әл-Бухари 4712, Муслим 194. (хадистің бөлігі)
Жәннат қақпаларының саны
1. Аллаһ Тағала былай деді: «Ал Раббыларынан қорыққандар, топ-топ жаннатқа жолданады. Олар оған барғанда, оның есіктері ашылады. Оларға оның сақшылары: “Сендерге сәлем /сәләмун 'аләйкум/! Сендер жақсы болдыңдар, Жәннатқа мәңгі қалатын түрде кіріңдер!” - дейді». (аз-Зумар 39: 73)
2. Сахл бин Са’дтан (оған Аллаһ разы болсын) пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жәннатта сегіз қақпа. Және олардың ішінде «әр-Раййан» деп аталатын қақпа бар, және одан тек ораза ұстағандар ғана кіреді»,- деп айтқаны жеткізіледі. Әл-Бухари 3257, Муслим 1152.
Жәннат қақпалары оны мекендеушілерге ашық
Аллаһ Тағала былай айтты: «Бұл бір насихат. Күдіксіз тақуалар үшін тым көркем келешек бар. Олар үшін есіктері ашық Ғадын жаннаттары бар» (Сад 38: 49-50)
Дүнияуи өмірде Жәннат қақпаларының ашылу уақыттары
1. Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте, пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтты:«Жәннаттың қақпалары әр дүйсенбі және бейсенбі күндері ашылады және Аллаһқа ешкімді серік қоспаған әр құлға кешіріледі, тек ол мен оның бауыры арасында жек көрушілік пен қастық болғандардан басқа. Содан кейін: “Мына екеуі табыспайынша мерзімін ұзартыңдар” деп үш рет айтылады». Муслим 2565
2. Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазан айы келгенде, Жәннаттың қақпалары ашылып, Тозақтың қақпалары жабылады, және шайтандар кісенделеді»,- деп айтқаны жеткізіледі. Әл-Бухари 3277, Муслим 1079.
3. Омар (оған Аллаһ разы болсын) пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқаны жайлы баяндады: «Ең жақсы түрде дәрет (‘уду) алған кез-келгендерің, кейін “Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешнәрсе жоқ екеніне және Мухаммад Аллаһтың құлы және Оның елшісі екеніне куәлік етемін” деп айтса, оған Жәннаттың барлық сегіз қақпасы ашылады да, ол оған қалағанынан кіре алады».Муслим 234
Жәннатқа бірінші кіретін
Әнас (оған Аллаһ разы болсын) пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқанын айтып берді: «Қиямет Күні мен Жәннат қақпаларына жақындап, олардың ашылуын сұраймын. Сақшы: “Бұл кім?”- деп сұрайды. Мен: “Мухаммад” деп жауап беремін. Сонда ол: “Маған саған ашуды бұйрық етілді, және мен оларды саған дейін ешкімге ашқан емеспін”,- дейді». Муслим 197
Жәннатқа кіретін бірінші үммет
Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқаны жеткізіледі: «Біз – соңғы үмметпіз, алайда Қиямет Күні басқалардың алдына шығып, Жәннатқа бірінші болып кіреміз». Әл-Бухари 876, Муслим 855.
Жәннатқа кіретін бірінші топ
1. Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқаны жеткізіледі:«Расында, Жәннатқа кіретін бірінші топ түндегі толық айдай болады, содан кейін олардың артынан еретіндер аспандағы ең жарық жұлдыздар секілді болады. Олар онда кіші, не үлкен дәретке отырмайды және онда олар не түкірмейді де, сіңбірмейді. Олардың тарақтары алтыннан, ал денеден шыққан терлері миск (жұпар су) болады. Және хош иісті шығаратын аспаптары ‘удтан болады. Әйелдері үлкен көзді жәннаттың хор қыздары болады. Жәннат мекендеушілері бір адамдай, арғы аталары Адам секілді бойлары алпыс шынтақ болып жаратылады». Әл-Бухари 3327, Муслим 2834.
2. Сахл бин Са’дтан (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жәннатқа менің үмметімнен жетпіс мыңы (немесе жетіжүз мыңы) бір-бірінің қолынан ұстап кіреді, және олардың соңғысы кірмейінше біріншілері кірмейді. Олардың жүздері түндегі толған айдай болады»,- деп айтқаны жеткізіледі. Әл-Бухари 6543, Муслим 219.
3. ‘Абдуллаһ бин ‘Амрдан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте, пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтты: «Расында, Қиямет Күні мухажирлерден болған кедейлер байларды қырық жылға озады».Муслим 2979.
Жәннат мекендеушілерінің жасы
Му’аз бин Жәбәлдан (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқаны жеткізіледі:«Жәннат мекендеушілері Жәннатқа денелері түксіз және сақалсыз, үлкен, қара көзді, жастары отыз немесе отыз үште болып кіреді». Ахмад 7920, әт-Тирмизи 2545, хадис сенімді, қараңыз: «сахих әт-Тирмизи» 2064.
Жәннат мекендеушілер жүздерінің сипаты
1. Аллаһ Тағала былай айтты: «Расында ізгілер, әрине нығмет ішінде болады. Олар дивандардың үстінде (Аллаһтың нығметтеріне) қарайды. Олардың бақытқа бөленгендіктерін жүздеріндегі шырайларынан танисың» (әл-Мутафифин 83: 22-24)
2. Аллаһ Тағала былай айтты: «Қиямет күні, кейбір жүздер жарқылдап; Раббына қарайды»(әл-Қияма 75: 22-23)
3. Аллаһ Тағала былай деді: «Ол күні, кейбір жүздер шаттықта, амалдарына разы, көтеріңкі бақшада болады» (әл-Ғашия 88: 8-10)
4. Аллаһ Тағала былай деді: «Ол күні кейбір жүздер жарқырайды, күледі және қуанады»(‘Абәсә 80: 38-39)
5. Аллаһ Тағала былай айтты: «Ал енді ақ жүзділер, Алланың рахметінде болады да, олар онда мәңгі қалады» (Әли ‘Имран 3: 107)
6. Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы бослын) жеткен хадисте, пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Жәннатқа кіретін бірінші топ түндегі толық айдай болады, содан кейін олардың артынан еретіндер аспандағы ең жарық жұлдыздар секілді болады. Олардың жүректері бір адамның жүрегіндей болады, олардың арасында не жек көрушілік, не қызғаныш болмайды»,- деп айтты. Әл-Бухари 3254, Муслим 2834./size
Жәннат мекендеушілеріне айтылатын сөздер
1. Аллаһ Тағала былай деді: «Ал Раббыларынан қорыққандар, топ-топ жаннатқа жолданады. Олар оған барғанда, оның есіктері ашылады. Оларға оның сақшылары: “Сендерге сәлем /сәләмун 'аләйкум/! Сендер жақсы болдыңдар, Жәннатқа мәңгі қалатын түрде кіріңдер!” - дейді». (аз-Зумар 39: 73)
2. Аллаһ Тағала былай деді: «Періштелер әр қақпадан оларға кіреді де: “Сабыр еткендіктерің үшін, Аллаһтың есендігі сендерге болсын! Соңғы жұрт нендей жақсы”,- дейді».(ар-Ра’д 13: 23-24)
3. Аллаһ Тағала былай айтты: «Олар тозақтың сыбдырын да естімейді. Сондай-ақ олар жаннаттағы көңілдері қалаған нәрселерінде мәңгі қалады. Оларды қорқыныштың ең зоры уайымдатпайды да, ал періштелер: “Міне бұл сендерге уәде етілген күн” деп қарсы алады».(әл-Әнбия 21: 102 - 103)
Жәннатқа есепсіз және азапсыз кіретіндер
1. Ибн Аббастан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хабарда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтты: «Маған (барлық) үмметтер көрсетілді. Сонда мен үмметті бар пайғамбарды көрдім, және қасында кішкене ғана адамы бар пайғамбарды көрдім, сондай-ақ қасында он адамы бар пайғамбарды, және қасында бес адамы бар пайғамбарды, және өзі кетіп бара жатқан пайғамбарды көрдім. Сосын мен көптеген халқы бар үмметті көрдім де: «Ей Жебрейіл, бұл менің үмметім ба?»- деп сұрадым. Ол: «Жоқ, бірақ көкжиек жаққа қара», - деп жауап берді. Мен қарадым да, саны көп үмметті көрдім. Ол айтты: «Бұл сенің үмметің. Және де олардың арасындағы бірінші тұрған жетпіс мыңына есеп-қисап және қабір азабы болмайды». Мен: «Неге?»- деп сұрағанымда, ол: “Олар қыздыру жасамайтын, руқия жасап беруді сұрамайтын, жалған ырым жасамайтын және де өздерінің Раббыларына тәуекел ететін”,- деп жауап берді.»Әл-Бухари 6541, Муслим 220.
2. Әбу Умамадан (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқаны жеткізіледі:«Менің Раббым, Ол кемшіліктен Пәк, менің үмметімнің жетпіс мыңы Жәннатқа есепсіз және азапсыз кіреді деп маған уәде берді. Және әрбір мыңмен бірге тағы жетпіс мың болады, және тағы Ұлы да, Құдыретті Раббымның алақанынан үш алақан болады». Әт-Тирмизи 2437. Қараңыз: «Сахих сунан әт-Тирмизи» 1984, ибн Мәжәһ 4286. Қараңыз: «Сахих сунан ибн Мәжәһ» 3459.
Жәннат жерінің және оның құрылысының сипаты
1. Әнастан (оған Аллаһ разы болсын) пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкке миғраж жасағанда былай деп айтқаны жайында хабар келеді: «... кейін біз жолымызды ең шектегі тұрақтау ағашына (сидратул-мунтаһа) дейін жалғастырдық. Оны мен білмейтін түстер орап алды, ал сосын мені Жәннатқа кіргізді, ол жердегі күмбездер гауһар тастан, ал жері жұпар судан /мускус/». Әл-Бухари 3342, Муслим 163.
2. Әбу Һурайра (оған Аллаһ разы болсын) айтатын: ”Біз: «Ия, Аллаһтың елшісі, Жәннаттағы құрылыстар қандай?»,- деп сұрадық. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай жауап берді: «Кірпіштері күміс пен алтыннан, сылақтары хош иістен, тастары гауһар тастан және лағылдан (рубин), жері шафраннан /за’фәран/. Кім оған кірсе ләззатқа батады және уайымдамайды, мәңгі өмір сүреді және өлмейді. Ол жерде олардың киімдері тозбайды және жастық шақтары кетпейді».” Әт-Тирмизи 2526, ад-Дарими 2717. Хадис сахих. Қараңыз: «Сахих сунан әт-Тирмизи» 2050.
3. Әбу Са’идтан (оған Аллаһ разы болсын) Ибн Сайядтың пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Жәннаттың жері жайлы сұрағаны туралы жеткізіледі. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Әппақ ұн, және тап-таза миск»,- деп айтты. Муслим 2928.
Жәннат мекендеушілерінің шатырлары сипаты
1. Аллаһ Тағала былай деді: «Шатырларда тұратын қара көзді хор қыздар» (ар-Рахман 55: 72)
2. ‘Абдуллаһ бин Қайстан (оған Аллаһ разы болсын) пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, иман келтіргендер үшін Жәннатта биіктігі алпыс шақырым болған бүтіндей інжу шатыры дайындалған. Ол шатырда иман келтіргенмен бірге оның әйелдері де тұрады. Ол оларды аралайды, және олар бір-бірін көрмейді»,- деп айтқанын жеткізеді. Әл-Бухари 4879, Муслим 2838.
Жәннат базарлары
Әнас ибн Мәликтен (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқаны жайлы хабар келеді: «Расында, Жәннатта оның тұрғындарының әр жұма сайын баратын базарлары бар, сонда олардың беттері мен киімдеріне солтүстік самал желі соғып тұрады да, одан олар одан да әдемі әрі сүйкімді болып оралады, ал сосын олар, олар да бұрынғыдан әдемірек және сүйкімдірек болатын өздерінің жақындарына оралғанда, жақындары: «Аллаһтың атымен ант етеміз, сендер бұрынғыдан да әдемірек болып кетіпсіңдер!», - дейтін болады, ал олар болса оларға: «Біз де Аллаһтың атымен ант етеміз, бізден кейін сендер де, одан да жақсы әрі әдемірек болып кетіпсіңдер!», - дейтін болады»Муслим 2833
Жәннат сарайлары
1. Аллаһ Тағала былай деген: «Береке Иесі Аллаһ қаласа, саған бұлардан да жақсы, астарынан өзендер ағатын бақшалар бере алады. Тағы сен үшін; сарайлар жасай алады»(әл-Фурқан 25: 10)
2. Аллаһ Тағала былай айтты: «Аллаһ иман келтірген ерлер мен иман келтірген әйелдерге астарынан өзендер ағатын, олар онда мәңгі қалатын бақшалар және Ғадын Жәннатында, көркем орындар уәде етті. Ал Аллаһтың ризалығы (бұдан да) өте зор табыс. Міне осы, үлкен қол жетушілік» (ат-Тауба 9: 72)
Жәннат мекендеушілерінің бірінің екіншілерінен артықшылықтары
1. Аллаһ Тағала былай айтады: «Сол жерге қараған сәтте, сен нығмет пен зор салтанат көресің» (әл-Инсан 76: 20)
2. Хабар бойынша, Әбу Са'ид әл-Худри (оған Аллаһ разы болсын) былай деді: “Бірде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):«Расында, біреулердің басқалардан артықшылықтары себепті, Жәннат мекендеушілері өздерінің үстіндегі тұрақтарға, сендер шығыста, не батыста алыстап жарқыраған планетаға қараған секілді, олар да солай қарайтын болады», - деді. Сонда адамдар: «Иә Аллаһтың елшісі, ол жерлер, жәй адам жете алмайтын, пайғамбарлардың орны болады ма?», - деп сұрағанда, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жоқ, жаным Қолында Болғанмен ант етемін, ол жерлер Аллаһқа және пайғамбарларға иман келтіргендер үшін арналған!», - деді”. аль-Бухари 3256, Муслим 2831.